Contacts:

Мерзімді басылым мен радиоға қарағанда, телевизия саласы медиатұтынудың ең танымал платформасы. Сол себептен телеарналардың сайт арқылы тікелей немесе жазба күйінде эфирге шығуы, әлеуметтік желілерде парақшаларының болуы табиғи әрі заңды үдеріс. Оның үстіне әлеуметтік желі пайдаланушыларының саны күннен күнге артып келеді. Мысалы, 2011 жылдың наурыз айында Facebook әлеуметтік желісінде 268 160 қазақстандық қолданушы тіркелсе, 2012 жылдың сәуірінде олардың саны – 435 020, ал сол 2012 жылдың қазанында Facebook-қа тіркелгендердің саны 616 120 жетті [110]. Сонымен қатар телеарналардың Android пен IOS жүйесіне арналған мобильді қосымшаларын «Play Market» немесе «App Store» интернет магазиндерінен тегін жүктеп алуға болады. Біз, осы ретте, мобильді нұсқаға арналған қосымшалардың пайда болуын адамдардың ұялы телефонды тікелей де үздіксіз қолдануымен байланыстырамыз.

Америкадағы пре-конвергенция жағдайын теоретик Жаннет Колодзи былайша сипаттайды: «Журналистер аудиторияның ақпаратты қалай алатынын, оған қанша уақыт кететінін және қайталап көруіне қандай мүмкіндіктердің барын ойлауы керек. Оқырман ондаған беттен тұратын газетті ертеңмен оқуына уақыты жоқ. Әдетте, олар ауа-райы мен өңірдегі жаңалықтарды радиодан тыңдайды немесе телеарнадан көреді. Кейбіреулер оны да қарамай жұмысқа ерте кетеді. Ал, жұмыста газет оқып, теледидар көруге еш мүмкіндік жоқ. Сондықтан, ақпарат алудың бірден бір мүмкіндігі – Интернет. Кешкі жаңалықтарды көруге үлгеріп-үлгермейтіні тағы белгісіз. Нәтижесінде, американдық жаңалықтар 24\7 режимінде ақпарат таратады». Қазақстандағы көрініс те тура осындай. 2009 жылы телеарналар интернет кеңістігіне енжар қараса әрі өз медиа өнімін ұсына алмайтын деңгейде болса, қазір олар интернетті кәсіби түрде пайдаланады.